Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.

Іс-шараға Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, ардагерлер мен жастар, саяси партия өкілдері қатысты.

Жиында кітаптың мазмұны мен қоғамдық-саяси маңызы талқыланып, ел дамуы, ұлттық құндылықтар, қоғамдық сананы жаңғырту және азаматтық жауапкершілік мәселелеріне назар аударылды.

Бұл еңбек – елдің өткені мен бүгінін саралап, қоғам мен мемлекеттің даму үдерісіне баға беретін, ұлттық құндылықтар мен елдік мұраттарды зерделейтін маңызды туынды. Мемлекет басшысы атап өткендей, өзгерістерге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады, – деді Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы. 

Ал Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов өз сөзінде кітаптағы шындық пен жауапкершілік ұғымдарының маңызына тоқталып, рухани дамудың мемлекет өркендеуіндегі рөлін атап өтті. 

Шындықты айту – азаматтық ұстаным, ал шындыққа сүйеніп шешім қабылдау – мемлекеттік жауапкершіліктің белгісі.Мемлекеттің ең басты байлығы – саналы азамат, парасатты қоғам және биік құндылықтар жүйесі. Материалдық даму мен рухани өрлеу қатар жүргенде ғана елдің іргесі бекіп, болашағы баянды болады, – деді Мейірлан Раханов.