Өңірдің болашағы мектеп пен колледж қабырғасында қалыптасады. Ал сапалы білім, қолжетімді медицина және әділетті әлеуметтік қолдау – тұрғындардың өмір сапасын айқындайтын негізгі факторлар. Осы мәселелер Семей қаласында облыстық колледж директорлары қауымдастығының мүшелерімен өткен кездесуде талқыланды.
Кездесуге «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидаттар қатысып, партияның Абай облысы бойынша 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік ынтымақтастық бағыттарын таныстырды. Білім беру мәселесіне тоқталған Думан Орынбеков, Ернар Тоқтаров пен Мерей Қарт колледждердің өңір экономикасына қажетті мамандар даярлаудағы рөлін атап өтті. Бағдарламада техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту, кәсіпорындардың сұранысына сай кадр даярлау, халықаралық талаптарға сәйкес құзыреттер орталықтарын құру және білім беру инфрақұрылымын жаңарту көзделген.
Колледждің басты нәтижесі – түлектің қолына алған дипломы ғана емес, оның нақты жұмыс орнында сұранысқа ие маманға айналуы. Ол үшін оқу орны мен кәсіпорын арасындағы байланыс күшейіп, студент оқу кезінде-ақ өндірістің талаптарын меңгеруі керек. Білім беру жүйесі еңбек нарығынан бір қадам да қалып қоймауға тиіс, – деді Думан Орынбеков.
Денсаулық сақтау тақырыбын көтерген Саят Танатаров медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың маңызын айтты. Сайлауалды бағдарламада Семей қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен 200 орындық балалар ауруханасын салу, ауылдарда медициналық нысандар ашу және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту міндеттері қамтылған.
Ал Лилия Муслимқызы әлеуметтік қолдаудың атаулы әрі қолжетімді болуына назар аударды. Оның айтуынша, көмек азаматтың нақты қажеттілігіне сай көрсетіліп, әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау күшейтілуі қажет.
Кездесу барысында қатысушылар білім беру мен әлеуметтік саланы дамытуға қатысты пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. «Әділет» партиясы сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттердің орындалуын қоғамдық бақылау мен ашық есептілік арқылы сүйемелдеуді көздейді. Басты мақсат – әрбір жоспарды тұрғындардың өмір сапасына әсер ететін нақты нәтижеге айналдыру.
Дайындады: «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Ибраев А.М.
Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді


























