Бүгін республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бородулиха ауданының Камышенка елді мекенінде ауылдық клуб ашылды.
Камышенка ауылы — тірек елді мекен. Мұнда бүгінде 957 адам тұрады. Жаңа клуб ауыл тұрғындары үшін маңызды мәдени-әлеуметтік орталыққа айналмақ. 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Клубта балалар мен жасөспірімдерге арналған шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ үйірмелері, домбыра және музыкалық аспапта ойнауды үйрету үйірмелері жұмысын бастайды.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Берік Уәли нысанның елді мекен үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Бұл ауылда соңғы рет 1985 жылы жаңа ғимарат ретінде мектеп салынған екен. Содан бері бой көтерген тұңғыш ғимарат осы. Осы жерде жақсы шаралар, концерт, кездесулер ұйымдастырылады деп ойлаймын. Ғимарат құрылысы сапалы, жақсы жүргізілген екен. Құтты болсын! - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі мәдениет нысанына жаңа музыкалық аппараттың сертификатын табыс етті.
Балаларымыз бен жастарымыз бос уақытын өткізетін, өнермен, спортпен айналысатын орынның ашылғаны қуантады. Бұл ауылдың рухани өміріне серпін беретін ерекше оқиға. Осы мәдениет үйінің ішінде рухани құндылықтарды дәріптейтін танымдық, тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылады деп сенім артамыз. Мәдениет үйі бізге қайырлы болсын! Осы игі іске бастамашы болған азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз, – деді ауыл тұрғыны Дана Шабақпаева.
Сондай-ақ, облыс әкімі Новопокровка елді мекенінде салынған 100 орындық ауылдық клубты аралап көрді. Мұнда балаларға арналған шахмат пен дойбы, қолөнер үйірмелерін ашу көзделіп отыр. Ал ересектер үшін «60 жастан асқан азаматтарға арналған қызығушылық клубы» жұмыс істейтін болады.
Жалпы, Бородулиха ауданында 33 мәдениет мекемесі бар. Оның ішінде бір аудандық және алты ауылдық мәдениет үйі, төрт ауылдық клуб, бір аудандық және жиырма бір ауылдық кітапхана бар.
Биыл өңірде бірқатар мәдени нысандар жаңартылды. Абай ауданының Қарауыл ауылындағы Мәдениет үйі, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана, Абай атындағы театр және Семей қаласындағы Ф.М.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың шатыры ағымдағы жөндеуден өтті. Республикалық маңызы бар тарихи-сәулет ескерткіші саналатын Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде күрделі жөндеу жүргізілуде.
2025 жылы аймақтың мәдени инфрақұрылымын дамыту мақсатында республикалық бюджет есебінен жаңа нысандардың құрылысына қаржы бөлінді. Қазіргі таңда «Ауыл – ел бесігі бағдарламасы аясында Үржар ауданындағы Жоғарғы Егінсу ауылында 100 орындық клубтың, Бесқарағай ауданының Беген, Глуховка және Ерназар ауылдарында, Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде.


























