Өрт сөндіруші - адам өмірін құтқару үшін өз өмірін тәуекелге тігу, қиындықпен бетпе-бет келіп, кез келген сәтте «мен барамын» деп шешім қабылдай білу. Осындай шынайы ерлік пен адамдықты қатар алып жүрген азаматтардың бірі Елдос Нұртазаев.

Елдостың қызмет жолында есте қалатын сәттер аз емес. Соның бірі бірнеше адамның өмірін жалмаған алапат өрт кезіндегі ерлігі. Түтінге толған қараңғылық, қызыл жалынның шарпуы, қауіптің қақ ортасындағы белгісіздік. Осындай сәтте көп адам абыржып қалса, Елдос керісінше, сабырды серік етіп, арпалыстың ортасында жүрді. Ол тек өртпен күресіп қана қойған жоқ, халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп, жағдайды ашық жеткізіп отырды.

Мақсатым – көзге түсу емес, халық нақты жағдайды білсін деген ниет еді. Менің әріптестерім күн-түн демей, отқа оранған аумақтың әр бұрышында жанкештілікпен еңбек етті. Сол қиын күндері халық сырттай дұға етіп, қолдау білдірді – дейді өрт сөндіруші. 

Бірақ оның ерлігі тек өрт сөндірумен шектелмейді. Ол қоғамда да өз орнын тауып, жағдайы төмен отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіп жүрген жомарт жан. Сонымен қатар, «Ел жанашыры – 2024», «Қайсар жыл батыры – 2023»,«Жылдың жас маманы – 2025», «Үздік еңбеккер – 2025» беделді марапаттарға ие болды.