Абай облысында жастарды жұмыспен қамту, NEET санатындағы жастармен атаулы жұмыс жүргізу және олардың кәсіби дағдыларын дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев мәлімдеді.
Қазіргі таңда өңірде 14–35 жас аралығындағы 147 982 жас тұрады. Отбасының цифрлық картасы бойынша NEET санатындағы жастар саны 1 448 адамды құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 877 адамға аз.
NEET санатындағы жастардың санын азайту бағытында атаулы жұмыстар жүргізілуде. Жастардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша 210-ға жуық аула аралау жұмысы ұйымдастырылды. Нәтижесінде шамамен 78 жастың басқа өңірлерге тұрақты қоныс аударғаны анықталды. Сонымен қатар жастарға жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берілуде, – деді Олжас Бейсенбаев.
Жыл басынан бері 450 жас «Жастар практикасына», 66 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 466 жас қоғамдық жұмыстарға тартылып, 1 870 жас бос жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар «JASYL EL» жобасы аясында 1 001 жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
Жастардың бастамаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы жүзеге асырылып, жеті бағыт бойынша жалпы 7 млн теңге көлемінде грант бөлінді. Конкурсқа 74 өтінім түсті. Бұдан бөлек, «SKILLUP» жобасы іске қосылып, 100-ге жуық жас цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын меңгеруде.
Алдағы уақытта NEET санатындағы жастармен атаулы жұмысты күшейту, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және заманауи дағдыларды меңгеруге жағдай жасау жұмыстары жалғасады.
























