«Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтыру қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты.
Президенттің айтуынша, «үшінші сектордың» басты міндеті — қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру.
— Бұл жұмыстың маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Сіздер осынау мемлекеттік және қоғамдық қағидаттардың мәні мен мақсатын жақсы түсінесіздер. Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды. Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастық әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін, — деді Мемлекет басшысы.
«Таза Қазақстан» — адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі екені айтылды.
— Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды. Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі.
— Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек. «Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтырған жөн, — деді Президент.
























