Абай облысында «Үкіметтік емес ұйымдар – қоғамдық дамудың қозғаушы күші» тақырыбында оқыту семинары өтті. Іс-шараға өңірде белсенді қызмет атқарып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру, олардың институционалдық әлеуетін нығайту, сондай-ақ гранттық жобаларды әзірлеу, жазу және тиімді басқару бойынша практикалық дағдыларын дамыту.
Іс-шараның ашылу рәсімінде Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы сөз сөйлеп, семинардың маңыздылығына тоқталды. Ол үкіметтік емес ұйымдардың өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтіп, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызын атап көрсетті.
Семинар барысында Шығыс жастар қоғамдық қорының атқарушы директоры Алиби Абдураимов сөз сөйлеп, аталған іс-шараның ұйымдастырылу мақсатына кеңінен тоқталды.
Аталған жоба жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі семинар-тренинг – осы жобаның қорытынды кезеңдерінің бірі. Семинардың басты мақсаты – үкіметтік емес ұйым өкілдерінің кәсіби әлеуетін арттыру, жобаларды әзірлеу, гранттық өтінімдерді жазу және оларды тиімді басқару бойынша практикалық білім беру. Іс-шараға Өскемен және Семей қалаларынан арнайы шақырылған екі тәжірибелі спикер қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті, – деді Алиби Абдураимов.
Сонымен қатар, Абай облысының «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Эльзира Солтабаева семинарға өңір бойынша 30-дан астам үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып отырғанын атап өтті.
Бүгінгі семинарға Абай облысынан 30-дан астам үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысуда. Семинардың негізгі мақсаты – үкіметтік емес ұйым өкілдерін гранттық жобаларды сауатты әзірлеуге, өтінімдерді дұрыс рәсімдеуге, жобаларды іске асыру және басқару тетіктеріне үйрету, сондай-ақ олардың кәсіби және институционалдық әлеуетін арттыру,– деді спикер.
Оқыту семинары аясында қатысушыларға жобалық менеджмент, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктері, қоғамдық бастамаларды қолдау, медиация және тиімді коммуникация, сондай-ақ қоғамдық бақылау мен кері байланыс орнату тақырыптары бойынша мазмұнды ақпарат ұсынылды. Тәжірибелі тренерлер мен сала мамандары теориялық біліммен қатар, нақты практикалық кейстер арқылы қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізді.



























