Абай өңірінде өнеркәсіп саласындағы оң нәтижелер мен инвестициялық жоспарлар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков мәлімдеді.

Ағымдағы жылдың сегіз айында облыстың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 млрд теңгеге ұлғайған.

Өңір тұрақты өсім көрсетуде. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінде физикалық көлем индексі 101%-дан асты. Сонымен қатар аймақта экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту және ірі кәсіпорындар төңірегінде шағын және орта бизнестің өндірістік белдеуін қалыптастыруға арналған өңірлік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Өңіріміздегі «СемАз», «Казэлектромаш» және «Semey Machinery Group» кәсіпорындары өнеркәсіп саласына қажетті өнімді тұрақты жеткізіп отыр. Шағын және орта бизнес өкілдерінің ірі компаниялардың сенімді серіктесіне айналғанын байқауға болады, – деді Айбек Рахымбеков.

Басқарма басшысының сөзінше, инвестициялық саясат аясында жалпы құны 3,2 трлн теңгені құрайтын 97 жоба әзірленген. Олар жүзеге асса, 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделген.

Спикердің айтуынша, жыл соңына дейін жалпы құны 25 млрд теңгеге тең 11 жобаны іске қосуды жоспарланып отыр. Бұл 600-ден астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.