Абай облысында бақша дақылдарының қауіпсіздігі және жазғы маусымда тамақтан уланудың алдын алу мәселелері талқыланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев мәлімдеді.
2025 жылы және 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста бақша өнімдерінен улану және жаппай тамақтан улану жағдайлары тіркелмеген.
Өнімдердің қауіпсіздігі тұрақты бақылауда. Биыл «Қауіпсіз өнімді таңдаңыз» акциясы аясында облыс бойынша 37 жеміс-жидек, 35 көкөніс және 24 бақша дақылының сынамасы зертханалық тексеруден өтті. Нәтижесінде барлық өнімдегі нитрат мөлшері белгіленген гигиеналық нормативтерге сәйкес келді,-деді Нұржан Ногайбаев.
Мамандар тұрғындарға бақша өнімдерін тек ресми сауда орындарынан сатып алуға, қабығы зақымданған немесе кесілген қарбыз бен қауынды тұтынбауға кеңес береді. Сондай-ақ өнімді пайдаланар алдында мұқият жуып, кесілген жемістерді тоңазытқышта сақтап, 24 сағат ішінде пайдалану ұсынылады.
Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты азық-түлік өнімдерінің тез бұзылу қаупі артады. Осыған байланысты жарамдылық мерзімі өткен, сақтау талаптары бұзылған немесе белгісіз жерден сатып алынған тағамдарды тұтынбау қажет.Қарапайым санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау арқылы тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының алдын алуға болады. Сондықтан тұрғындарды тек сапалы әрі қауіпсіз өнімдерді таңдауға шақырамыз, – деді спикер.




























