Абай облысында алкоголь өнімдері, темекі бұйымдары және мұнай өнімдерінің заңды айналымын қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік бақылау жүргізілуде. Негізгі мақсат – заңсыз өнімдердің таралуына жол бермеу, адал кәсіпкерлерді қорғау және тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыстары және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Асем Тұрлыбекованың мәліметінше, алкоголь өнімдерін сақтау және бөлшек саудада өткізу үшін кәсіпкердің тиісті лицензиясы болуы қажет.
Лицензиялық алымның мөлшері елді мекеннің мәртебесіне қарай белгіленеді: астанада, республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында – 100 АЕК, басқа қалалар мен кенттерде – 70 АЕК, ауылдық елді мекендерде – 30 АЕК. Тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін сақтау немесе өткізу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабына сәйкес, құқық бұзушылықтың субъектісіне қарай 15-тен 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, заңсыз өнім тәркіленеді, — деді Асем Тұрлыбекова.
Мемлекеттік бақылаудың тағы бір маңызды бағыты – темекі өнімдерінің айналымы.
Міндетті цифрлық таңбалауға жататын темекі өнімдерінде Data Matrix коды болуы тиіс. Цифрлық таңбалау тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер темекі өнімдерін сатып алу кезінде цифрлық таңбалаудың болуын тексеріп, тауарды тек заңды жеткізушілерден сатып алуы қажет. Қажетті таңбалауы жоқ өнімнің сауда нүктесінде болуы әкімшілік жауапкершілікке және тауардың тәркіленуіне әкеп соғуы мүмкін, — деп атап өтті спикер.
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Айдос Байсалбай мұнай өнімдерінің айналымына қатысты талаптарға да тоқталды.
Оның айтуынша, бензин, дизель отыны, авиациялық отын және мазут сияқты мұнай өнімдерін сақтау және өткізу кезінде салық есептілігін уақтылы ұсыну, өнімдердің қозғалысын есепке алу және қажетті құжаттарды ресімдеу талаптарын сақтау қажет.
Мұнай өнімдерін Мемлекеттік кірістер органдарында тіркелмеген автожанармай құю станциясы арқылы өткізген жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ акцизделетін өнімдерді, оның ішінде мұнай өнімдерін, алкоголь және темекі өнімдерін тауарларға ілеспе жүкқұжатсыз айналымға шығарғаны үшін де жауапкершілік қарастырылған, — деді Айдос Байсалбай.
ҚР ӘҚБтК-нің 283-1-бабына сәйкес, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдемеу, сондай-ақ акцизделетін өнімдерді ТІЖ-сыз айналымға шығару 20-дан 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуға және тауарды тәркілеуге әкеп соғуы мүмкін.




























