Облыс әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясы 25-28 маусым күндері Қытай Халық Республикасына барып, Үршімші, Бейжің, Ордос қалаларында бірқатар іскерлік кездесу өткізіп, маңызды келісімдерге қол жеткізді. Осы сапар қорытындысында Абай облысы мен Қытай компаниялары арасында жалпы құны 4 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылды. Демек, өңірге осынша көлемде инвестиция құйылады.
Аймақ басшысы Бейжің қаласында «DDS Group» және Jiachen Group компанияларының басшылығымен кездесті. «DDS Group» – өнеркәсіптік жаңғырту, инфрақұрылымдық құрылыс және индустриялық парктерді дамыту саласында жұмыс істейтін халықаралық инжинирингтік және инвестициялық компания. Әлемнің 30-дан астам елінде қызмет атқаратын компания инвестициялау, жобалау, құрылыс және пайдалануды қамтитын толық циклді жобаларды жүзеге асырады. Өнеркәсіптік парктерді, көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй және өндірістік нысандарды салуда мол халықаралық тәжірибеге ие. Кездесу қорытындысында жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылды. Компания Мақаншы ауданының Бақты ауылында жалпы аумағы 3 000 гектар болатын өнеркәсіптік парк құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Қытайдың жетекші өнеркәсіптік холдингтерінің бірі – Jiachen Group компаниясы металлургия, тау-кен өндірісі, отқа төзімді материалдар шығару, логистика және халықаралық сауда салаларында жұмыс істейді. Кездесу нәтижесінде Абай облысының әкімдігі, Liaoning Jiachen Holding Group және Xinjiang Sanbao Industrial Group компаниялары арасында Абай облысы, Мақаншы ауданында алюминий зауытын салу жобасын іске асыру үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жоба құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Облыс әкімі Қытай Халық Республикасының Ордос қаласында «Ішкі Моңғолия Ваньцзян Инвест» компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында Абай облысында жылына 300 мың тонна алюминий өнімін шығаратын зауыт салу, сондай-ақ, жалпы қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станцияларын іске асыру жоспарлануда. Жобалардың жалпы инвестициялық құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды.
Аталған бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және облыс экономикасына тың серпін беруге бағытталған.
Аймақ басшысы бұл жобалардың Абай облысы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, инвесторлармен бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Берік Уәли Ордос қаласындағы жетекші өндіріс орындары «China Railway Construction Engineering Group» (CRCEG), «Inner Mongolia Wanzhong Yinuan Technology Co., Ltd», «Ordos Wanpu Shanfang Food Co., Ltd» компанияларының жұмысымен де танысты.
Ерекше атап өтерлігі, осы сапар аясында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Үрімші қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның инвестициялық-сервистік кеңсесі ашылды.
Жаңа инвестициялық-сервистік кеңсе Абай облысында жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан қытайлық инвесторлар мен кәсіпкерлерге ақпараттық-консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. Кеңсе әлеуетті инвесторлардың өтініштерін қабылдап, бастапқы талдау жүргізеді, жобалық материалдарды әзірлеуге жәрдемдеседі, іскерлік кездесулер ұйымдастырып, ұсыныстарды әрі қарай қарау үшін «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолдайды.

























