Аягөз ауданы – бүгінде Абай облысы бойынша әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Соңғы жылдары аудан инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайын жасауға түрлі деңгейдегі бюджеттер мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы көлемі 10 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Берік Уәлидің жеке бақылауында. Өңір басшысы Аягөз ауданына, оның ішінде бұрынғы Шұбартау өңіріне бірнеше рет жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандардың, жол және инженерлік инфрақұрылым жобаларының барысымен танысты. Әкімнің сапарлары барысында аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға арналған нақты тапсырмалар беріліп, әрбір жобаның орындалу мерзімі мен сапасы жіті қадағаланып келеді.

Сумен қамту – тұрғындар тұрмысының тірегі

Аягөз ауданын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда 45 елді мекеннің 41-і (97,3%) орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

Биыл 3,4 млрд теңге сомасына 8 жобаны іске асыру қолға алынды.

Аягөз қаласында да су жүйелерін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүруде. 3,9 млрд теңгелік жобалар аясында 48,2 шақырым су желісі жаңартылып, оның 25 шақырымы пайдалануға берілді. Сонымен қатар V-2000 м³ таза су резервуарының құрылысы басталды – бұл қала тұрғындарын үздіксіз ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Жылумен қамту жүйесі жаңғыртылды

Аягөз қаласында орталықтандырылған жылумен қамту жүйесін жаңарту үшін 2 млрд теңге бөлінді.

Негізгі «Орталық» қазандығының қуаты 13,2 Гкал/сағ-тан 30 Гкал/сағ-қа дейін ұлғайтылуда. Бұл жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу желісіне қосуға мүмкіндік береді.

Биыл 10,4 шақырымдық жылу трассасының 7,3 шақырымы толық ауыстырылып, желілердің тозу деңгейі 29,8%-дан 10%-ға дейін төмендейді.

Жол және көлік қатынасы

Аягөз ауданындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 1315 шақырым. Биыл 2,3 млрд теңгеге 40 шақырым жол жөнделуде.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы Айғыз, Ақшатау, Баршатас, Тарбағатай ауылдарының көшелері жөнделіп, асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Қалада да 570,9 млн теңгеге 10 көше жаңартылды.

Ақшәулі – Мыңбұлақ кірме жолының 15 шақырымына 903 млн теңге бөлініп, орташа жөндеу жүргізілуде.

Қалаішілік көлік қатынасы үшін 171 млн теңгеге жаңа «ДонгФенг» маркалы 10 автобус сатып алу жоспарланған. Оның бесеуі пайдалануға беріліп, барлығы электронды төлем жүйесіне қосылған.

Жарық пен абаттандыру

Биыл аудан мен қала көшелерін жарықтандыруға 259,9 млн теңге бағытталды.

Аягөз қаласының 26 көшесіне 749 жарық шамы орнатылды.

Ауылдық округтерге 119 млн теңге бөлініп, көше жарығы мен шамдар жаңартылуда.

Абаттандыру, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын салу тұрақты жүргізілуде. Биылдың өзінде қалада 70 млн теңгеге, ауылдарда 130 млн теңгеге балалар және футбол алаңдары пайдалануға берілді.

Қауіпсіздік және бейнебақылау

Қоғамдық қауіпсіздік мақсатында Аягөз қаласына 349 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Оның 191-і жұмыс істеп тұр, қалғандары жөндеуден өтуде.

Қосымша 130 жаңа камера және 10 жылдамдық өлшегіш радар орнатылды.

Алдағы жоспарлар

Келесі кезеңде аудан бойынша:

            •           Баршатас, Тарбағатай, Майлин және Айғыз ауылдарында су жүйелерін жаңғырту;

            •           Қаланың негізгі көшелерін толық жөндеу;

            •           Жаңа спорт кешені мен жабық бассейн құрылысын бастау;

            •           Жаңа тұрғын үй алаптарын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жоспарланып отыр.

Аягөз ауданы – облыстың назарынан тыс қалған аймақ емес, керісінше, облыс әкімінің бірнеше сапары мен нақты тапсырмалары нәтижесінде тұрақты дамып келе жатқан өңір.

Республикалық және жергілікті бюджет есебінен іске асқан жобалар халықтың өмір сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің келбетін жаңартуға ықпал етіп келеді.