Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы (ҚР ҰФҒО) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) супраұлттық референс-зертханаларымен бірлесіп, туберкулезді зертханалық диагностикалаудың заманауи әдістерін меңгеріп, еліміздің өңірлеріне енгізуде.
Алғашқы кезеңде, 2000–2024 жылдары, ҚР ҰФҒО Ұлттық референс-зертханасы ДДСҰ-ның Гаутинг қаласындағы (Германия) туберкулез жөніндегі супраұлттық референс-зертханасымен ынтымақтастық орнатты. 2025 жылдан бастап бұл жұмыс Германиядағы Борстель зерттеу орталығы – Лейбниц өкпе зерттеу орталығының микобактериялар жөніндегі ұлттық және ДДСҰ супраұлттық референс-орталығымен жалғасты. Осы әріптестік өңірлік зертханаларға әдістемелік қолдау көрсетуге, зерттеулердің сапасын сыртқы бағалауды ұйымдастыруға және туберкулез қоздырғышының дәрілік сезімталдығын анықтаудың заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндік берді.
Осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі – туберкулез микобактерияларының бедаквилинге, линезолидке және клофазиминге сезімталдығын анықтау әдісінің енгізілуі. Бұл препараттар дәріге төзімді туберкулезді емдеуде қолданылады. Әдістеме Ұлттық референс-зертханада пысықталып, бағаланғаннан кейін өңірлік зертханаларға кезең-кезеңімен енгізілді.
Зерттеу нәтижелері дәрігерлерге қоздырғыштың анықталған дәрілік төзімділігін ескере отырып, тиімді емдеу схемасын таңдауға көмектеседі. Бұл, әсіресе, дәрілерді тек ауыз арқылы қабылдауға негізделген қысқа мерзімді емдеу схемаларын таңдауда маңызды. Ұлттық референс-зертханада толық геномды секвенирлеу әдісі де енгізілді.
Бұл әдіс туберкулез қоздырғышының генетикалық ерекшеліктерін зерттеуге және дәріге төзімділікпен байланысты мутацияларды анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстанда GeneXpert платформасына негізделген туберкулезді жедел молекулалық диагностикалау желісі жұмыс істейді. Оның көмегімен туберкулез қоздырғышы және оның рифампицинге төзімділігі анықталады.
Еліміздің медициналық ұйымдарында 149 GeneXpert аппараты орнатылған. Оның 12-сі қалалық емханаларда, 1-еуі қалалық ауруханада, 31-і аудандық емханаларда, 59-ы аудандық ауруханаларда, 46-сы фтизиопульмонология орталықтарында қолданылады. Жабдық жыл сайын калибрлеуден өтеді, ал зерттеулердің сапасы тұрақты түрде бақыланады.
Аппараттардың осылайша орналастырылуы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында, аудандық ауруханаларда және туберкулезге қарсы мамандандырылған мекемелерде молекулалық диагностикадан өтуге мүмкіндік береді. Фтизиопульмонология орталықтарының барлық 19 өңірлік зертханасы ұлттық аккредиттеуден өтті.
Олар ҚР ҰФҒО Ұлттық референс-зертханасымен бірге Борстель зерттеу орталығының супраұлттық референс-зертханасы жүргізетін зерттеулердің сапасын сыртқы бағалау бағдарламасына қатысады. Бағдарлама Қазақстанның барлығы 20 зертханасын қамтиды.
ҚР ҰФҒО атқарып жатқан жұмыс еліміздің өңірлерінде дәрілік сезімталдықты анықтаудың бірыңғай тәсілдерін қолдануға және зертханалық нәтижелердің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Дәрігерлер дәріге төзімді туберкулезі бар науқастарға емді уақтылы таңдау үшін қажетті деректерді алады.


























