Абай облысында жазғы маусымда қарбыз бен қауын саудасы қыза түсуде.
Мамандар тұрғындарға бақша дақылдарын тек белгіленген сауда орындарынан сатып алып, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарға назар аударуды және оны тұтыну кезінде санитариялық талаптарды сақтауды ескертеді.
Бұл туралы Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қалдыбатыр мәлімдеді. Оның айтуынша, агротехникалық талаптар сақталмаған жағдайда қарбыз бен қауында нитраттар шамадан тыс жиналуы мүмкін. Қолданыстағы техникалық регламентке сәйкес, аталған өнімдердегі нитрат мөлшері 60 мг/кг-нан аспауы тиіс.
Бақша дақылдарын белгіленбеген орындардан сатып алу ұсынылмайды. Қазіргі таңда жол бойында, тротуарларда және тұрғын үйлердің аулаларында өнім сату жағдайлары кездеседі. Мұндай жерлерде санитариялық талаптарды сақтау мүмкіндігі шектеулі. Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сатушыдан сұратуға болады, — деді Әділ Қалдыбатыр.
Мамандардың мәліметінше, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, базарлар мен сауда орындарында рейдтер мен зертханалық зерттеулер жүргізеді. Қажет болған жағдайда өнімнен нитраттардың қалдық мөлшерін анықтау үшін сынама алынады.
Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Дана Таңсықбаева бақша дақылдарын сатып алу кезінде өнімнің сақталу жағдайына назар аударып, жарығы, сызаты немесе басқа да зақымдары бар, сондай-ақ кесілген қарбыз бен қауынды сатып алмауға кеңес берді.
Қарбыз бен қауынды тек санитариялық талаптар сақталатын ресми сауда орындарынан сатып алған жөн. Тұтынар алдында жемісті ағын сумен мұқият жуу қажет. Піскенін анықтау үшін сатушыдан жемісті кесіп беруді сұрауға болмайды, себебі кесілген өнім тез ластанып, ішек инфекцияларының таралуына себеп болуы мүмкін, — деді Дана Таңсықбаева.
Мамандар тұрғындарды бақша дақылдарын сатып алу кезінде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне мән беріп, санитариялық талаптарды сақтауға шақырады. Егер бақша дақылдарын тұтынғаннан кейін улану белгілері байқалса, дереу медициналық мекемеге жүгіну қажет.




























