Абай облысында Спорт күніне орай 50-ден астам мерекелік және спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Оларға өңірдің қалалары мен аудандарынан 3 мыңнан астам тұрғын қатысады деп жоспарлануда.
Негізгі мерекелік шаралар Семей қаласында 16 тамызда өтеді. Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара Астана қаласында өтті. Оның аясында Абай облысының спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан төрт спорт ардагері ҚР Туризм және спорт министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мерей Қайраттың айтуынша, Спорт күні – спортшылардың жетістіктерін атап өтумен қатар, тұрғындарды дене шынықтырумен айналысуға тартуға мүмкіндік беретін маңызды мереке.
Спорт күні – спортшылардың, жаттықтырушылардың, спорт ардагерлері мен сала мамандарының еңбегін дәріптейтін маңызды мереке. Жыл сайын осы мереке аясында спортты дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталып, бұқаралық спортты насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі, – деді Мерей Қайрат.
Мерекелік бағдарлама облыстың барлық қалалары мен аудандарын қамтиды. Тұрғындар футбол, волейбол және баскетболдан, сондай-ақ қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ және дәстүрлі садақ атудан жарыстарға қатыса алады. Сонымен қатар жеңіл атлетика, үстел теннисі, велоспорт, жүзу, дойбы және шахматтан бұқаралық жарыстар, сондай-ақ спорттық эстафеталар ұйымдастырылады.
Семей қаласындағы негізгі мерекелік іс-шара 16 тамыз күні сағат 10:00-де өтеді. Спорттық алаңдар теміржол вокзалы алдындағы Қабанбай батыр ескерткіші маңында, Мұхтар Әуезов алаңында, Қарағайлы шағын ауданындағы субұрқақ жанында және Бейбітшілік аралында ұйымдастырылады. Тұрғындарды спорт мектептері мен секцияларының қызметімен таныстыруға да ерекше көңіл бөлінеді.
Бағдарламада спортшылар мен спорт мектептері тәрбиеленушілерінің көрсетілімдік өнер көрсетуі, ашық есік күндері, жаттықтырушылардың консультациялары және ата-аналарға арналған ақпараттық іс-шаралар қарастырылған.
12-16 тамыз аралығында Семейде жағажай волейболы, шахмат, дойбы, велоспорт және үстел теннисінен турнирлер, сондай-ақ жасөспірімдер командалары арасында бокстан ашық турнир өтуде. Жарыстарға Семей қаласының, Абай облысы аудандарының және Қазақстанның басқа да өңірлерінің спортшылары қатысуда.
Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қуат Исажановтың айтуынша, 16 тамызда Alikhan Bokeikhan University-де қала әкімінің қатысуымен спортшылар мен спорт ардагерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтеді.
Үздік спортшылар мен ардагерлерге Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар қатысушылар үшін мерекелік дастархан мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Қатысушылар мен қонақтарды спорттық жарыстар, викториналар, зияткерлік ойындар, жүлделер ұтысы, бұқаралық дене шынықтыру жаттығулары, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған акциялар күтеді, – деп қорытындылады Мерей Қайрат.


























