Абай облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің басшысы Серікболсын Назарбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте өңірде сатылатын азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылау тұрақты түрде жүргізілетінін жеткізді.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары ЕАЭО техникалық регламенттері мен гигиеналық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін өнімге тұрақты мониторинг жүргізеді. Негізгі мақсат – талаптардың орындалуын тексеру. Ағымдағы жылдың 10 айында ведомство мамандары 784 тауарды тексерді, оның 441-і азық-түлік өнімдері. Олардың ішінде сүт және нан-тоқаш өнімдері, құс еті мен жұмыртқа, кондитерлік бұйымдар бар. 42 тауар техникалық регламентке сәйкес келмеген, – деді Серікболсын Назарбеков.

Абай облысы ДСЭК-тің тамақ объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Айгерім Мусатаева тағам өнімдерін таңдауда, дайындау барысында да аса мұқият болу қажеттігін атап өтті.

Ең жиі кездесетін улану түрі – зиянды микроорганизмдер болуы мүмкін тағамнан улану. Мұндай ауру тудыратын бактериялар өнімге бастапқыда жұғуы немесе дұрыс сақталмауы мен дайындалуы салдарынан пайда болады. Организмге түскен жағдайда улануға әкеледі. Инфекция тасымалдаушылар – тарақандар, тышқандар, егеуқұйрықтар, шыбындар болуы мүмкін. Тағамнан уланудың алдын алу қарапайым гигиеналық сақтау және дайындау ережелерін орындауға байланысты. Егер тағамнан жағымсыз иіс шықса немесе қышқыл дәм сезілсе – ондай өнімді тұтынбаған жөн. Қаптаманың ісінуіне де назар аударыңыз – бұл да өнімді жеуге болмайтынын білдіреді, – деді Айгерім Мусатаева.

Спикердің айтуынша, ішек инфекцияларының көптеген түрлерін толық жою үшін кемінде 10 минут термиялық өңдеу қажет. Ол температура 70 градустан төмен болмауы тиіс. Дәл осы температурада қауіпті бактериялар жойылады.

Тағамды бөлме температурасында екі сағаттан артық сақтауға болмайды, әйтпесе ішек инфекциясына шалдығу қаупі артады. Өнім толық қуыстан өңделуі тиіс, сондықтан қайнатылған ет қуырылған етке қарағанда қауіпсіз. Сондай-ақ, өнімдер кір қол арқылы да ластануы мүмкін екенін естен шығармау керек. Барлық шикі тағам алдын ала өңдеуден өтуі тиіс – көкөністер мен жемістерді ағын сумен жақсылап жуу қажет. Тауық жұмыртқасы сальмонеллез тасымалдаушысы болуы мүмкін, – деп толықтырды Айгерім Мусатаева.

Сонымен қатар, спикер «тауарлық көршілік» ережесін сақтау керектігін еске салды – шикі және дайын өнімдерді бір-бірінен бөлек сақтау қажет. Дайын тамақты тоңазытқышқа қою алдында міндетті түрде суыту керек.

Ішек инфекцияларын жұқтыру қаупі әсіресе көше және бейберекет саудада жоғары. Өнімді тек рұқсат етілген жерден сатып алу керек, себебі ветеринарлық жағдайы белгісіз тағам өнімдері инфекцияға себеп болуы мүмкін, – деді маман.

Басты ұсыныстар өзгеріссіз қалады: жеке гигиенаны сақтаңыз, қолды жиі жуыңыз, өнімдерді дұрыс сақтаңыз, тек жаңа тағамдарды сатып алыңыз, мерзімі өтуге жақын өнімдерді тұтынбаңыз.

Абай облысы ДСЭК басшысының орынбасары Раушан Фатхуллина қазан айында Семейде баланың кәмпиттен улану оқиғасы тіркелгенін хабарлады. Оқушы дүкеннен кәмпит сатып алып, оны жегеннен кейін өзін нашар сезінген.

Микробиологиялық зерттеу нәтижесінде кәмпиттердің ішек таяқшасы тобының бактерияларын қамтығаны анықталды. Сонымен қатар, өнімде қазақ тіліндегі таңбалау болмаған, құрамы мен жарамдылық мерзімі көрсетілмеген. Дүкенде тауарға ілеспе құжаттар, сапаға сәйкестік декларациясы және басқа да құжаттар болмаған. Кәсіпкер кәмпиттерді қолма-қол ақшаға көтерме базардан алғанын айтқан. Аталған факті бойынша ИП-ға әкімшілік хаттама толтырылды, қалған өнім тәркіленіп, жойылды, – деді Раушан Фатхуллина.