Жаз мезгілінде жіті ішек инфекциялары мен сальмонеллездің таралу қаупі артады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары айтты.
Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қалдыбатырдың сөзінше, ішек инфекциялары көбіне лас қол, сапасыз су, жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидек, сондай-ақ дұрыс сақталмаған тағам арқылы жұғады.
Жеке бас гигиенасын сақтау, тағамды дұрыс дайындап, талапқа сай сақтау – өз денсаулығыңызды қорғаудың ең қарапайым әрі тиімді жолы, – деді Әділ Қалдыбатыр.
Мамандардың айтуынша, жіті ішек инфекциялары ас қорыту жүйесін зақымдайды. Оның негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы, құсу және іш өту. Сондықтан қолды сабындап жиі жуу, шикі және дайын тағамды бірге сақтамау, тағамды толық пісіру, тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышта сақтау және қауіпсіз ауыз суды пайдалану маңызды.
Эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Динара Тлекина жазғы демалыс кезінде ашық су айдындарында да сақ болған жөн екенін айтты.
Тек шомылуға рұқсат етілген орындарды таңдаңыздар. Ашық су көздерінің суын тұрмыстық мақсатта пайдаланбаған дұрыс. Шомылған кезде суды жұтып қоймауға да назар аудару қажет. Егер ауру белгілері байқалса, өздігінен емделмей, дәрігерге қаралған жөн, – деді Динара Тлекина.
Мамандардың айтуынша, қарапайым санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау арқылы жұқпалы ішек ауруларының қаупін едәуір азайтуға болады. Сондықтан тұрғындарды жеке гигиена талаптарын сақтап, денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

























