Өңірде 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі Кешенді жоспар іске асырылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Тілек Қамза баяндады.
Есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстармен күрес құқық қорғау органдарының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Полиция департаменті есірткі қылмыстарының алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Жұмыс барысында профилактикалық іс-шаралар, белсенді жедел-іздестіру іс-шаралары, құқық бұзушыларға қатысты қылмыстық қудалау мен оқшаулау, сондай-ақ заманауи ақпараттық жүйелерді пайдалану сияқты көпқырлы тәсілдер қолданылады, - деді спикер.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Абай облысында 105 есірткі қылмысы тіркеліп, 113 теріс қылық анықталған.
Заңсыз айналымнан жалпы 416 келі түрлі есірткі және психотроптық заттар тәркіленді (2024 жылы – 282 грамм), оның ішінде марихуана – 286 кг (2023 ж. – 152 кг), гашиш – 18 кг (2023 ж. – 13 кг), психотроптық заттар – 1 кг 500 г (2023 ж. – 1 кг 300 г), қарасора – 109 г (2023 ж. – 115 г). Облыстың Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 2025 жылы синтетикалық есірткі жеткізудің 6 тұрақты арнасын жойды. Сонымен қатар, есірткі қылмысын жасағаны үшін 33 адам, оның ішінде 20 адам синтетикалық есірткі сақтау үшін ұсталды. Полиция полковнигінің айтуынша, синтетикалық есірткілердің таралуы өңір үшін өзекті мәселе болып қала береді, себебі бұл – химиялық жолмен алынған психоактивті заттар және олардың қауіптілігі жоғары, - деп атап өтті полиция полковнигі.
Сонымен қатар, Полиция департаменті жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды белсенді жүргізуде. 2025 жылы жалпы білім беретін мекемелерде есірткіге қарсы деректі фильмдерді көрсету арқылы 322 дәріс өткізілді. Сонымен қатар, «Біз өмірді таңдаймыз, біз есірткіге қарсымыз» ұранымен акциялар, флешмобтар және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.


























