Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзал, оның ішінде Абай облысында 10 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын. Бүгін Мақаншы ауданындағы Жалаңашкөл теміржол вокзалы толық жаңартылып, салтанатты түрде ашылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев қатысты.

Теміржол бекеті 1958 жылы салынған. Реконструкция барысында ғимараттың көлемі 89 шаршы метрден 527 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Нәтижесінде вокзалдың жалпы аумағы бұрынғыдан төрт есеге ұлғайды.

Ішкі бөлмелер қайта жабдықталып, жолаушыларды күтуге және қызмет көрсетуге арналған орындар заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың нысанды еркін пайдалануына қажетті жағдайлар қарастырылды. Теміржол вокзалының жолаушылар қозғалысы күніне 118 жолаушыны құрайды. 

Жалаңашкөл станциясы Мақаншы ауданының көлік қатынасында маңызды рөл атқарады. Станцияда «Астана–Достық», «Алматы–Достық», «Ақтоғай–Достық» бағыттарындағы, сондай-ақ, жазғы маусымдық «Семей–Жалаңашкөл» туристік пойызы қатынайды.

Ерекше атап өтерлігі, бұл – биыл Абай облысында қайта жаңартылып, пайдалануға беріліп отырған 7 теміржол вокзалы. 

Маусым айында елімізде алғаш болып облысымыздағы екі вокзал, Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станциялары толығымен аяқталып, ашылған болатын. 27 тамызда Курчатов қаласындағы Дегелең станциясындағы теміржол вокзалы жаңадан салынып, жолаушыларға есігін айқара ашты. Кеше облыс әкімі Берік Уәлидің қатысуымен Жарма ауданындағы Шар, Үшбиік, Жарма станцияларының жаңартылған теміржол вокзалдары салтанатты түрде іске қосылды. Семей, Аягөз қалалары мен Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарын қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Аталған жобалардың негізгі мақсаты – тұрғындар мен жолаушыларға барынша қолайлы орта қалыптастыру, қауіпсіздік деңгейін арттыру және теміржол қызметін заманауи талаптарға сәйкестендіру.