Қазақстанның Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады. Бұл туралы Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында айтты.

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы «бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні» ретінде тарихи әрі маңызды ұсыныс айтты. Президент бірқатар елде бар Вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, «біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді, — деді Ержан Жиенбаев.

Сонымен бірге, реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды.

Аталған орган халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады. Осы екі маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді, — деді Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі.