Абай облысында «Конституция және сөз бостандығы: журналистиканың жауапкершілігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Журналистер клубының мүшелері мен жоғары оқу орнының студенттері қатысты. Кездесуде сөз бостандығының конституциялық негіздері, журналистің кәсіби жауапкершілігі, ақпараттың шынайылығы мен медиакеңістіктегі өзекті мәселелер талқыланды.

Абай облыстық қоғамдық келісім орталығы жанындағы «Журналистер клубының» төрайымы, «Semei» телеарнасының бас редакторы Сайра Нүсіпбаева сөз бостандығының журналистикадағы орнына тоқталып, Конституцияда бекітілген құқықтар мен кәсіби жауапкершіліктің маңызын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Конституциясы — еліміздің басты заңы. Оның 20-бабында әркімнің сөз бостандығына, өз пікірін еркін білдіруге құқығы бар екені анық жазылған. Бірақ сөз бостандығы — шексіз еркіндік емес. Ол — үлкен жауапкершілік. Конституцияның 23-бабында сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынатыны және әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға әрі таратуға құқығы бар екені нақты көрсетілген. Конституция бізге еркін сөйлеуге құқық берді. Ал журналистика — сол құқықты халықтың игілігіне жарату өнері. Сөз — қару. Ал жауапты журналист сөзді елдің бірлігі мен дамуы үшін қолданады. Сөз бостандығы — құқық. Шындықты сақтау — парыз, – деді Сайра Нүсіпбаева.

«Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ директоры Жадыра Мұратбекова ақпарат жылдам таралатын қазіргі кезеңде әрбір деректі тексеріп, бірнеше дереккөзге сүйенудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық мәселелерді көтерудегі рөліне тоқталды.

Аудиторияның сенімі жылдар бойы қалыптасады, алайда оны жоғалту әлдеқайда оңай. Сондықтан ақпараттың шынайылығы, объективтілігі және кәсіби этика талаптарын сақтау әрбір бұқаралық ақпарат құралы өкілінің басты ұстанымы болуы тиіс, – деді Жадыра Мұратбекова.

Сонымен қатар «Semei» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің редакторы Сұлтан Жоламанов телевизия журналистикасының ерекшеліктері мен жаңалық дайындау барысындағы тәжірибесімен бөлісті. Ол журналист мамандығы үлкен жауапкершілікті, ізденіс пен уақытты талап ететінін жеткізді.

Көрермен экраннан небәрі бір-екі минуттық жаңалықты көреді. Алайда сол қысқа ақпараттың артында қаншама адамның еңбегі, ізденісі мен уақыты тұрады, – деді Сұлтан Жоламанов.

Кездесу соңында сөз бостандығы мен журналистік жауапкершіліктің өзара тығыз байланысты екені атап өтілді. Қатысушылар ақпараттың анықтығын сақтау, кәсіби этика талаптарын ұстану және қоғамға шынайы мәлімет ұсыну мәселелері бойынша пікір алмасты.