Семей қаласында Дүниежүзілік тазалық күні мен Қала күні қарсаңында ауқымды жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.
Шараға қала тұрғындары, еріктілер, мемлекеттік мекемелердің және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері белсене атсалысты. Жалпы саны 5000-нан астам адам тазалық ісіне үлес қосты.
Қаламызда жалпықалалық сенбіліктер дәстүрге айналып келеді. Бүгінгі шараға тұрғындар, еріктілер, мекеме қызметкерлері атсалысып, ортақ іске үн қосты. Қаланы таза ұстау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Себебі, таза қала – жайлы өмірдің кепілі, – деді қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Гапуов.
Еріктілер де бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.
«Қаланы таза ұстау үшін мұндай сенбіліктерді жиі-жиі ұйымдастырып тұрған жөн. Барша қала тұрғындарын осындай ортақ іске қосылуға шақырамын. Әрқайсымыз өз ауламыздан бастап тазалыққа үлес қоссақ, Семейіміз әрқашан көрікті қала болып қала береді, – дейді ерікті Мақсат Ермаханов.
Сенбілік барысында оң және сол жағалау ғана емес, сонымен қатар қаланың шеткі аудандары да қамтылды. Нәтижесінде 900 текше метрден астам қоқыс арнайы полигонға шығарылды.