Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуіне орай Абай облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Шалқар Байбеков жаңа Ата заңның ел дамуындағы тарихи маңызына тоқталды.

Жаңа Конституцияның қабылдануы – Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы ең маңызды тарихи шешімдердің бірі. Бұл құжат мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, еліміздің ұзақ мерзімді дамуының құқықтық негізін айқындады.

Мен Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде бұл үдеріске алғаш күннен бастап қатыстым. Абай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Кәрібекұлы екеуіміз өңір атынан комиссия құрамында жұмыс істеп, Конституция жобасын талқылауға, ұсыныстарды саралауға және тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалыстық.

Комиссия жұмысы ашық форматта өтті. Ел азаматтары мыңдаған ұсыныс жолдап, олардың әрқайсысы жан-жақты қаралды. Бұл жаңа Конституцияның шын мәнінде халықтың ерік-жігері мен сұранысына негізделген құжат екенін көрсетті. Кейін бұл бастаманы бүкілхалықтық референдум қолдады.

Бүгін жаңа Конституция заңды күшіне енді, Қазақстан мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыру, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту және өңірлердің дамуына жаңа мүмкіндік беру.

Ендігі басты міндет – Конституцияда белгіленген қағидаттарды іс жүзінде толық жүзеге асыру. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Сонда ғана жаңа Конституция өзінің басты мақсатына жетіп, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы берік негізге айналады.

Абай облысы мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Шалқар Байбеков