Сайлау науқанының басты міндеті – оны «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде қатаң сақтау арқылы өткізу. Орталық сайлау комиссиясы сайлауды ұйымдастырушыларды даярлауға ерекше көңіл бөліп отыр. Өйткені әрбір комиссия мүшесінің жұмысы сайлау үдерісінің заңдылығы мен ашықтығына тікелей әсер етеді.
Екі апта ішінде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің барлық 20 өңірін аралап, 100-ден астам сайлау учаскесіне барды және 21 оқыту семинарын өткізді. Оларға сайлау комиссияларының 3 382 мүшесі қатысты. Сапарлар барысында берілген ұсынымдар дауыс беру күніне дейін орындалуы тиіс. Оқыту нәтижелілігі тестілеу арқылы бірден бағаланады. Ал әрбір комиссия мүшесінің жұмыс сапасы «Заң мен тәртіп» қағидатының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.
Сайлау комиссиялары жүйесінде 86 мыңнан астам адам жұмыс істейді және олар арнайы даярлықтан өтуде. Олардың қатарында 1 729 аумақтық комиссия мүшесі, округтік комиссиялардың 15 мыңнан астам және учаскелік комиссиялардың шамамен 70 мың мүшесі бар. Оқыту жұмыстары орталық деңгейден учаскелік деңгейге дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Оның аясында қалыпты және күрделі жағдайлар, кандидаттармен, сенім білдірілген адамдармен, байқаушылармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар партиялар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен журналистерді қоса алғанда, сайлау үдерісінің басқа да қатысушылары оқытылады.
Халықты ақпараттандыру барлық арналар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Республикалық телеарналарда ымдау тілімен сүйемелденген бейнероликтер көрсетіліп, радиода аудиороликтер берілуде. Республикалық екі газетте аптасына екі рет ақпараттық материалдар жарияланады. Ақпараттық материалдар 38 өңірлік телеарнада, 35 радиоарнада, 119 өңірлік БАҚ сайтында және 200-ге жуық өңірлік басылымда орналастырылған. Қалаларда 7 мыңға жуық сыртқы ақпараттық материал орнатылған. GOV.KZ порталында және eGov Mobile қосымшасында азаматтардың өз сайлау учаскесін анықтауына арналған сервис жұмыс істейді.
19 қарашада SMS-шақырулар, 23 қарашада push-хабарламалар жіберілді. Ал 25 қарашада банк қосымшалары арқылы хабарламалар жолдау жоспарланған. Орталық сайлау комиссиясының сайтында «Sailau AI» жасанды интеллект көмекшісі қолжетімді. Сонымен қатар учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтарға жеке шақыру қағаздарын табыстап, өңірлерде байланыс орталықтары жұмыс істеп жатыр.
Фото ЖИ Gemini

























