Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықтың өмір сапасын жақсарту мен денсаулығын сақтау бағытында жүйелі шараларды жүзеге асырып жатыр.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева баяндады.
- Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде ДДСҰ-ның «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер», «Салауатты университеттер», «Саламатты жұмыс орындары» және «Саламатты қалалар» жобалары іске асырылып жатыр. Аталған жобалардың барлығының түпкі мақсаты – халықтың денсаулығын сақтау және нығайту болып табылады, - деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, Абай облысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамалары аясында іске асырылып жатқан жобалар туралы Тәуекелдерді мониторингілеу, талдау және бағалау бөлімінің басшысы Айжан Ахатаева кеңінен тарқатты.
- «Саламатты мектеп» жобасы бойынша 125 мектеп қамтылып, оқушылардың денсаулығын нығайту мен дұрыс өмір салтын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. «Салауатты университеттер» жобасы шеңберінде Семей медицина университеті студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттауда. Сонымен қатар, «Саламатты жұмыс орындары» жобасына «Семей цемент зауыты» қатысып, еңбек жағдайын жақсарту шараларын жүзеге асыруда. Ал «Саламатты қалалар» жобасы 2026 жылы бастау алады, - деді Айжан Ахатаева.



























