Абай облысында медициналық қызметтерді жеткізушілер арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің 10 жылдығына орай өткізілген «Медициналық көмектің флагманы – 2026» байқауының қорытындысы шығарылды.

Байқаудың маңызы, оның медициналық ұйымдардың жұмысына ықпалы және МӘМС жүйесінің дамуы туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалының директоры Ельмира Жанатовна Рахимбаева айтып берді.

— Ельмира Жанатовна, «Медициналық көмектің флагманы» байқауы үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оның негізгі маңызын неден көресіз?

— Үш жыл ішінде байқау медициналық ұйымдардың үздік тәжірибелерін анықтап, оларды кеңінен таратуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. Біз үшін байқаудың маңызы тек жеңімпаздарды анықтаумен шектелмейді. Ең бастысы – медициналық қызметтерді жеткізушілердің табысты тәжірибесін көрсету және оны басқа ұйымдарға үлгі ету. Биыл байқау ауқымы одан әрі кеңейді. Алғашқы екі жылда байқауға алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдар қатысса, 2026 жылы Абай облысындағы медициналық қызметтерді жеткізуші 59 ұйымның барлығы қамтылды. Олар көрсетілетін медициналық көмектің бағыттарына қарай екі топқа бөлінді: біріншісіне алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық және жедел медициналық көмек көрсететін ұйымдар, екіншісіне стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін ұйымдар кірді.

— Байқаудың медициналық ұйымдардың жұмысына нақты ықпал етіп отырғанын айтуға бола ма?

— Әрине. Байқау медициналық ұйымдардың өз жұмысын жетілдіруіне қосымша ынталандыру беріп отырғанын көріп отырмыз. Бағалау барысында пациенттермен өзара іс-қимылдың тиімділігімен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, пациенттерді қолдау қызметінің және ішкі сараптаманың жұмысы, Qalqan ақпараттық жүйесіндегі белсенділік және басқа да бағыттар ескеріледі. Бағалау қорытындысы бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, бірқатар медициналық қызметтерді жеткізушілер бойынша Қорға келіп түскен азаматтардың өтініштерінің саны азайған. Бұл пациенттермен өзара байланыстың тиімділігін арттыруға және олардың кері байланысымен уақтылы жұмыс жүргізуге бағытталған шаралардың нәтижесін көрсетеді. Талдау 2026 жылдың есепті кезеңінің нәтижелері бойынша 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыру арқылы жүргізілді. Нәтижесінде өтініштер саны шамамен 74%-ға төмендеген: 2026 жылдың салыстырмалы кезеңінде 30 өтініш тіркелсе, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 118 болған. Сонымен қатар медициналық ұйымдар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді түрде қатыса бастады. Әлеуметтік желілердегі ақпараттық белсенділік артып, МӘМС жүйесінің мүмкіндіктері, медициналық көмекті алу тәртібі және азаматтар үшін маңызды басқа да мәселелер бойынша материалдар саны көбейді. Байқау өткізілген кезеңде медициналық ұйымдар әлеуметтік желілерде 146 ақпараттық-түсіндіру материалын жариялады. Яғни байқау медициналық ұйымдарды халықпен ашық әрі тиімді қарым-қатынас орнатуға, азаматтарды ақпараттандыруға және өз жұмысын тұрақты түрде жетілдіруге ынталандырады.

— Байқау қорытындысын шығару кезінде қандай көрсеткіштер ескерілді?

— Бағалау алты негізгі бағыт бойынша кешенді түрде жүргізілді. Олардың қатарында қаржылық тұрақтылық, халықпен ақпараттық жұмыс, пациенттерді қолдау қызметі мен ішкі сараптаманың тиімділігі, қаржылық тәртіп және Qalqan ақпараттық жүйесіндегі белсенділік бар. Мұндай тәсіл медициналық ұйымның жұмысын жан-жақты бағалауға және бірнеше бағыт бойынша тұрақты нәтижелер көрсеткен медициналық қызметтерді жеткізушілерді анықтауға мүмкіндік береді.

— Биылғы байқаудың жеңімпаздары кімдер?

— Алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық және жедел медициналық көмек көрсету бағыты бойынша жеңімпаз — Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ КМК. Ал стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсету бағыты бойынша бірінші орынды Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық перинаталдық орталығы» ШЖҚ КМК иеленді.

— Байқау Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өткізіледі. Бұл ынтымақтастық қаншалықты маңызды?

— Байқауды өткізуге қолдау көрсеткен Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасына алғысымызды білдіреміз. Денсаулық сақтау жүйесінің барлық қатысушыларының күш-жігерін біріктіру медициналық ұйымдардың кәсіби дамуына және үздік тәжірибелерді таратуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі барысында Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан пульсоксиметрлер мен небулайзер табысталғанын да атап өткім келеді. Бұл медициналық ұйымдардың күнделікті жұмысында пайдалануға болатын қажетті әрі практикалық сыйлықтар.

— Байқау МӘМС жүйесінің дамуымен қалай байланысты және оның нәтижелері тұрғындар үшін қаншалықты маңызды?

— МӘМС жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – медициналық көмекті қаржыландыруды қамтамасыз ету және оның одан әрі дамуына жағдай жасау. Он жыл ішінде жүйе Қазақстанның денсаулық сақтау саласының маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Мысалы, 2026 жылы медициналық қызметтерді қаржыландырудың жалпы көлемі 96,166 млрд теңгені құрады, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 94,829 млрд теңге болған. Осылайша, қаржыландыру көлемі 1,3 млрд теңгеден астамға артты. Біз үшін қаржыландыру мен МӘМС жүйесінің мүмкіндіктері медициналық ұйымдардың нақты жұмысынан көрініс табуы маңызды. Бұл – медициналық қызметтерді дамыту, пациенттермен өзара іс-қимылды жетілдіру және халық үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыру. Сондықтан «Медициналық көмектің флагманы» байқауы – ең алдымен адамдар үшін ұйымдастырылатын жоба. Оның нәтижелері медициналық ұйымдардың дамып, жаңа тәсілдерді енгізуге және Абай облысының тұрғындары үшін медициналық көмекті алу үдерісін барынша ыңғайлы әрі сапалы етуге ұмтылып отырғанын көрсетеді. Байқаудың барлық жеңімпаздарын құттықтаймыз және барлық қатысушыларға кәсіби еңбегі мен өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз.