Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымын еркін таңдау науқаны басталды. Науқан екі айға жалғасып, 1 қарашада аяқталады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Айсұлу Саимова баяндады.
Жыл сайын өтетін науқан қазақстандықтарға тіркелген емханасын ауыстыруға немесе өз учаскесінде дәрігерді қайта таңдауға мүмкіндік береді. Емханаға тіркелген азамат жалпы практика дәрігерінің қабылдауына, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуге, скринингтік тексерулерден өтуге, зертханалық және аспаптық диагностикаларға қол жеткізе алады. Қажет болған жағдайда стационарға жатқызуға жолдама беріледі, - деді Айсұлу Саимова.
Поликлиникасын еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрынғы тіркелген ұйымында қала береді. Дегенмен, мекенжайын, оқу орнын немесе жұмыс орнын ауыстырған жағдайда, сондай-ақ медициналық ұйым қайта ұйымдастырылғанда, жыл ішінде де емхананы өзгертуге болады.
Қазіргі таңда облыстық филиалдың деректер базасында 33 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйым тіркелген, оның ішінде 20-сы мемлекеттік, 13-і – жеке меншік, - деп атап өтті “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” Абай облысы бойынша филиалының директоры Елмира Рахимбаева.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтарымен қатар, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер, қандастар, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де медициналық ұйымға тіркелуге құқылы. Тіркеу ерікті немесе міндетті сақтандыру шарттарының негізінде жүзеге асады.
Ерекше санаттағы азаматтар үшін қағаз түрінде тіркелу мүмкіндігі барын жеткізді. Олардың қатарына зейнеткерлер, мүгедектер, студенттер, әскери қызметшілер, колонияларда жазасын өтеушілер, заңды өкілдердің қамқорлығындағы балалар мен шетелде туылған сәбилер кіреді,- деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «С. Қайырбеков атындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» Абай облыстық филиалының директоры Маржан Ахатова.
Естеріңізге сала кетейік, таңдалған емханада қызмет көрсету 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мүмкін болады. Бұрын тіркелген медициналық ұйымынан шығару автоматты түрде жүзеге асады.