Шәкәрім университеті мен Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бірлесіп «Математика және жасанды интеллект: ғылым және білім беру тоғысында» атты халықаралық ғылыми-практикалық форум ұйымдастырды.
Іс-шара Қазақстанның 2023–2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация тұжырымдамасы аясында өтті. Форумға Қазақстан, Малайзия, Қырғызстан және Ресей ғалымдары, оқытушылар мен мектеп мұғалімдері қатысып, математика мен жасанды интеллекттің өзара байланысы, білім беру жүйесіндегі жаңа бағыттар талқыланды.
Пленарлық отырыста жетекші ғалымдар іргелі математика дамуы мен AI технологияларының қолданылуын саралады. Назарбаев университетінің профессоры, PhD, Ғылым академиясының академигі Сұраған Дөрбетхан математиканың адам ойлауын дамытудағы рөліне тоқталса, Малайзияның Путра университетінің профессоры, доктор Лили Нурлиана Бинти Абдуллах «Жасанды нейрондық желілердің математикалық негіздері және олардың қолданылуы» тақырыбындағы баяндамасында нейрондық желілердің теориялық іргетасы мен олардың заманауи технологиялардағы рөлін кеңінен түсіндірді. Ал ұзақ жылдар бойы Шәкәрім университетінде математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған белгілі ғалым, қазіргі уақытта Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Абдикади Мустафаев білім беру үдерісін дараландыру, оқыту әдістерін жетілдіру және оқушылардың қабілетіне қарай оқытудың маңыздылығы жайлы ойларын ортаға салды.
Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Назира Кайдиева цифрлық технологиялардың жоғары білімдегі мүмкіндіктерін сөз етті.
Форум аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, болашақ ғылыми ынтымақтастық бағыттарын айқындады. Іс-шараның практикалық бөлімі Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалғасып, мұнда педагогтерге AI құралдарын оқу үдерісіне енгізу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.


























