Еңбек – елдің тірегі, ал өз ісіне адал жандар – қоғамның шынайы мақтанышы. Осындай еңбек адамдарының бірі – Жарма ауданына қарасты Қалбатау ауылында жолаушылар тасымалымен айналысып жүрген көлік жүргізушісі Құрманғалиева Сара апа.
Сара Құрманғалиева 1957 жылғы 28 мамырда Ақжал ауылында дүниеге келген. Жастайынан көлік жүргізуді армандаған ол бұл арманын өмірлік кәсібіне айналдыра білді. Бүгінде Сара апа сол бала күнгі арманының жемісін көріп, сүйікті ісімен айналысып келеді.
Қазіргі таңда Қалбатау ауылында тұратын Сара Құрманғалиева Жарма ауданы, Қалбатау ауылы бойынша №3 маршрутта жолаушыларға қызмет көрсетеді. Ол – өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, тәртіп пен қауіпсіздікті бірінші орынға қоятын тәжірибелі жүргізуші. Күнделікті қызметінде жолаушылардың алғысына бөленіп, ауыл тұрғындарының сеніміне ие болып келеді.
Оқу бітірген соң осы кәсіппен айналысқым келді. Арманымның жетегінде жүріп, арнайы оқудан өтіп, жүргізуші куәлігін алдым. Кейін АвтоВАЗ кәсіпорнына барып, автобус жүргізе бастадым. Жас келді деп тоқтауды ойламаймын. Керісінше, бұл жұмыс маған күш-қуат береді, денсаулығыма да пайдалы деп есептеймін. Адам қозғалыста болса, өмір де алға басады. Сондықтан сүйікті жұмысымды әлі де жалғастыра бергім келеді. Ең бастысы – өз ісіңді жақсы көріп, адал атқару. Жолаушылардың амандығы мен алғысы – мен үшін ең үлкен марапат, - деді кейіпкер.
Сара апаның тынымсыз еңбегі – еңбекқорлықтың, төзімділіктің және кәсібіне деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Осындай қарапайым, бірақ маңызы зор еңбегімен қоғамға үлес қосып жүрген жандар әрдайым құрметке лайық.



























