Баршаңызды еліміздің жаңа тарихи кезеңінің бастауы болған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгіннен бастап бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституция – Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізі, мемлекеттік құрылыстың берік тірегі, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің кепілі. Онда еліміздің басты құндылықтары – адам және оның құқықтары, заң мен тәртіп, әділеттілік, бірлік пен жауапкершілік қағидаттары айқын көрініс тапқан.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Конституция – ел үшін тек құқықтық құжат қана емес, қоғамды біріктіретін басты құндылық.

Жаңа Конституция еліміздің жаңару бағытын айқындап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және өңірлердің орнықты дамуына жаңа серпін береді.

Жаңа Ата заңды қабылдау – барша халқымыздың ортақ таңдауы әрі ортақ жауапкершілігі. Осы маңызды тарихи үдеріске әрқайсыңыз өз үлестеріңізді қостыңыздар. Азаматтық ұстанымдарыңыз бен ел болашағына деген жанашырлықтарыңыз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Берік Уәли