Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Еуразиялық экономикалық форумның (ЕЭФ-2026) пленарлық отырысы басталды.
Бұл жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар келді.
Астанадағы Конгресс орталығында өтіп жатқан бұл форумдағы басты тақырып – «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру». ЕЭФ-2026 бағдарламасы шамамен 30 іс-шарадан тұрады және 4 тақырыптық блокқа топтастырылған: «ЕАЭО нарығын дамытуды трансформациялау», «Еуразиялық сабақтастық», «ЕАЭО+» және «Форум аясындағы іс-шаралар».
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс форумның басты іс-шарасына айналып отыр.
Іс-шара ЕАЭО мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің ірі, орта және шағын бизнес басшыларына, мемлекеттік билік органдары мен халықаралық ұйымдар өкілдеріне арналған.



























