Абай облысының әкімі Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында «Қаладан ауылға» жобасы аясында Үржар ауданындағы Батпақты ауылына көшуге ниетті азаматтарға жасалып отырған жағдайлар туралы жазды. Өңір басшысы бұл ауылдың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Абай облысының әкімі Берік Уәли әлеуметтік желідегі Facebook парақшасында өңірде жүзеге асырылып жатқан «Қаладан ауылға» жобасының мүмкіндіктеріне тоқталып, Үржар ауданындағы Батпақты ауылын мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, табиғаты көркем, шаруашылыққа қолайлы бұл елді мекен қоныс аударушылар үшін жаңа бастамаларға жол ашатын тиімді бағыттардың бірі болып саналады.

Өңірімізде жүзеге асырылып жатқан «Қаладан ауылға» жобасы аясында ауылдық елді мекендерге қоныс аударуға ниетті азаматтарға нақты мүмкіндіктер бар. Солардың бірі – табиғаты көркем, әлеуеті жоғары Үржар ауданының Батпақты ауылы.

Барқытбел тауының баурайында орналасқан ауыл таза ауасымен, шипалы суымен және кең жазық даласымен ерекшеленеді. Бұл – жанға тыныштық сыйлап, жайлы өмір сүруге қолайлы мекен.

Батпақты ауылында ауыл шаруашылығын дамытуға барлық жағдай бар. Құнарлы жайылым және шабындық жерлер, дәнді дақылдар егуге қолайлы алқаптар (бидай, сұлы, арпа, жүгері, күнбағыс) қарастырылған. Сонымен қатар бау-бақша өсіруге де мүмкіндік мол: жеміс-жидек пен көкөністің көптеген түрін өсіруге болады.

Жоба аясында қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі. Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін 15–30 АЕК көлемінде қаржы қарастырылған. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 4 миллион теңге көлемінде экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады.

Қоныс аударушыларға егістік, жайылым және шабындық жерлер беріледі. Сонымен қатар мектеп пен ауылдық амбулаторияда жұмыс орындары бар.

Батпақты – жаңа мүмкіндіктер мен тың бастамаларға жол ашатын ауыл.

Қоныс аударуға ниетті азаматтар төмендегі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады:

  • Ауыл әкімі: +7 771 241 77 77
  • Мектеп директоры: +7 702 312 50 66