Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және «Зерделі ұлт» қалыптастыру жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылған бұл жоба қоғамда рухани-танымдық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Сонымен қатар, бастама жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, олардың сыни және шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдіруге, сондай-ақ кітапсүйер жастардың белсенді ортасын қалыптастыруға ықпал етті.
Баршаңызды «Артық білім – кітапта» облыстық байқауының қорытынды кезеңімен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы 16 мамырда Президенттің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығы қабылданып, елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту, жаңа форматтағы кітапханалар ашу, отандық қаламгерлер мен баспа ісін қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде айқындалды, - деді Олжас Түсіпбекұлы.
Аталған іс-шараны Абай облысының білім басқармасы, Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, «Assyltas» қоры және «OQU CLUB» ұйымы бірлесіп өткізді. Жобаның жалпы жүлде қоры 2 700 000 теңгені құрады. Сонымен қатар, байқаудың бас жүлдесі ретінде құны 6 500 000 теңге болатын автокөлік табысталды.
Мен «Артық білім – кітапта» облыстық байқауына қатысып, өз білімімді сынап, көптеген жаңа мәліметтер алдым. Іс-шара барысында кітап оқудың маңызын терең түсініп, өзім сияқты кітапсүйер жастармен таныстым. Ұйымдастырушыларға осындай тағылымды жоба өткізгендері үшін алғысымды білдіремін. Бұл байқау менің кітап оқуға деген қызығушылығымды одан әрі арттырды, - деді қатысушы Айзере Сайлаубек.
Бағдарлама аясында қатысушылар мен қонақтарға арналған бірқатар мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, кітап көрмесі оқырмандар клубының арнайы отырысы, баспа ұйымдары өкілдерімен кездесу,кітап оқу бойынша интеллектуалдық байқау кезеңдері, қатысушылар мен қонақтарға арналған мәдени-танымдық алаңдар жұмыс істеді.
Аталған жоба кітап оқуды насихаттауға, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және білімді, ойлы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосты. Іс-шара жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқырман мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.


























