Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері Семей қаласының бас инспекторы Мұратов Тұрсын Мейрамұлының қатысуымен Шекара қызметінің ардагері, запастағы подполковник Мажранов Нұрлан Кеңесұлын арнайы барып құттықтады.

Бұл игі кездесудің басты мақсаты – ардагердің шекара қызметіндегі адал еңбегін дәріптеу, жас ұрпаққа өнеге ету және мерекелік көңіл-күй сыйлау болды. 

Нұрлан Кеңесұлы – еліміздің мемлекеттік шекарасының беріктігін қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарған тәжірибелі офицер. Ол өз еңбек жолында әскери тәртіпті, жауапкершілікті және шекарашы мәртебесіне лайық биік моральдық қасиеттерді ұстанып, әріптестерінің және ізбасарларының зор құрметіне бөленді. 

Кездесу барысында ардагер жас сарбаздарға жылы лебізін білдіріп, ел шекарасын қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Осындай тағылымды кездесулер шекарашы буындар арасындағы рухани сабақтастықты нығайтып, елге адал қызмет етудің асқақ рухын дәріптейді.