«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында Ақсуат ауданында кезекті тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл жолғы іс-шара Көкжыра ауылының орталық саябағында өтті.
Іс-шараға партияның Ақсуат бастауыш партия ұйымының мүшелері белсене қатысып, саябақ аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазарту, қоғамдық кеңістікті ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар ортақ іске жұмылып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
“Көкжыра” бастауыш партия ұйымының төрағасы Думан Жансақов өз сөзінде қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Бүгінде «Таза бейсенбі» тек бір реттік іс-шара емес, аудан тұрғындары үшін игі дәстүрге айналып келеді. Апта сайын ұйымдастырылатын мұндай бастамалар адамдарды ортақ іске біріктіріп, әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығын арттыруда. Тазалықты сақтау — тек жауапкершілік қана емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс құндылық екені айқын сезілуде.
Айта кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы аудан көлемінде жүйелі түрде өткізіліп, елді мекендердің көркеюіне, қоршаған ортаның жақсаруына және тұрғындардың ортақ жауапкершілігін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.



























