Абай облысында сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету және алимент өндіру ісін жетілдіру мәселелері талқыланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Мағжан Есенбаев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жеке сот орындаушылары институты елімізде 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның басты мақсаты – сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау болып табылады.
Қазіргі таңда Абай облысында 63 жеке сот орындаушы қызмет атқарып отыр. Олардың негізгі міндеті – сот шешімдері мен өзге де атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету. Жеке сот орындаушылары сот пен өзге де органдардың шешімдерін мәжбүрлеп орындатады, борышкерлерден алимент, айыппұл және қарыздарды өндіреді. Бүгінде атқарушылық өндірістің тиімділігін арттыру үшін түрлі шаралар қабылдануда. Мысалы, алимент төлеуден жалтарған тұлғаларға көлік жүргізу құқығынан айыру, мүлкін бұғаттау және шетелге шығуға тыйым салу сияқты шектеулер қолданылады, – деді Мағжан Есенбаев.
Сонымен қатар, ол алимент өндіру ісінде жиі кездесетін қиындықтарға да тоқталды. Оның айтуынша, борышкерлердің ресми табысының болмауы, табысын жасыру немесе жұмыс орнын жиі ауыстыруы атқару өндірісінің тиімділігін төмендетеді.
Қазіргі таңда алимент өндірудің тиімділігін арттыру мақсатында электрондық жүйелер енгізілуде. Цифрландыру борышкерлердің мүлкі мен табысын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды бағыттардың бірі болып табылады, – деп түйіндеді спикер.
Мағжан Есенбаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Республикалық палатамен бірлесіп, атқарушылық іс жүргізудің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында «AdiletGov» мобильдік қосымшасын іске қосқан.



























