Ақсуат ауданында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 697 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бар. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Ақсуат ауданының әкімі Ерсін Ескендіров кеңінен тарқатты.
2025 жылдан бастап аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің ішкі көшелерін орташа жөндеуге жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Ойшілік ауылына кіреберіс жолдардың бір бөлігі асфальтталып, ескі жамылғысы жаңартылды. Сонымен қатар, Ақсуат ауылында кіреберіс жолдарды кеңейту жұмыстары басталып, кейбір ауылдардағы ішкі көшелерге құм-аралас топырақ төселіп, жолдары тегістелді. Мүрсәлім елді мекеніне баратын жолдағы кейбір учаскелер де жөнделді, - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар,ұзындығы 55 метрлік Тебіске өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта көпір тіректерін бетондау жұмыстары толық аяқталған, ал балкаларды орнату, кіреберіс жолдарды асфальттау және қоршау жұмыстары жалғасуда.
2026 жылға облыстық бюджеттен жол инфрақұрылымын дамытуға бірқатар жобалар жоспарланған. Олардың ішінде Ойшілік, Екпін, Құмкөл, Көкжыра, Кіндікті ауылдарына кіреберіс жолдарды және ішкі көшелерді жөндеу жұмыстары бар. Сондай-ақ, Ақсуат ауылындағы ішкі жолдарды жөндеуге жұмыстар жалғасады. Жол инфрақұрылымын дамыту – тұрғындардың өмір сапасын арттырудың басты факторы. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, - деп атап өтті спикер.
Жол инфрақұрылымын жаңарту – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастама болып отыр. Бұл жұмыс тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, ауылдық елді мекендердің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.



























