Наурызнама онкүндігі аясындағы Тазару күні Абай облысында ауқымды экологиялық акциялармен жалғасын тапты. Өңір жастары табиғатты қорғау, тарихи мұраны сақтау және елді мекендерді көркейту бағытында нақты істер атқарып, қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға өз үлестерін қосты.

Тазару күні аясында ұйымдастырылған «Бұлақ көрсең – көзін аш» акциясы Семей–Қарауыл тас жолы бойындағы киелі Күшікбай бұлағында өтті. Жастар бұлақ маңын қоқыстан тазартып, оның көзін ашып, айналасын абаттандырды. Бұл – су ресурстарын сақтау мен табиғи нысандарды қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Ал «Тағзым мұраға» акциясы Бесқарағай ауданында ұйымдастырылып, тарихи-мәдени нысандар аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар мәдени мұра орындарын ретке келтіріп, олардың сақталуына және қоршаған ортаның қорғалуына атсалысты. Бұл бастама арқылы жастар өткенге құрмет көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Сонымен қатар «Бір тұрғын – бір ағаш» акциясы Мақаншы ауданында өтті. Акция аясында ауылға кіреберіс аумақтарда, елді мекен маңында және қоғамдық орындарда ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл шара өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталды.

Жалпы, аталған бастамалар жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Осы ретте, Тазару күнінің мән-маңызы туралы өңірдегі белсенді жастың өкілі Ерсінбек Өрлеубек атап өтті. 

«Тазару күні – бұл тек тазалық жұмыстары ғана емес, бұл – табиғатқа деген көзқарасты қалыптастыратын маңызды күн. Осындай бастамалар арқылы қоршаған ортаны қорғау мәдениеті нығайып, әр азаматтың жауапкершілігі арта түседі», – деді.

Тазару күні аясында өткен бұл экологиялық акциялар Абай облысында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және қоғамның жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.