Бүгінде Абай облысында орталықтандырылған жылумен қамту жүйесіне 3 қала мен 5 ауданның елді мекендері қосылған. Бұл аумақтарда 46 жылу көзі мен 183 қазандық агрегаты жұмыс істейді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов кеңінен тарқатты. 

Жылыту маусымы облыста 29 қыркүйекте басталды, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда ертерек. Семей қаласындағы 12 жылу көзінде қазандықтар мен жабдықтар жаңартылып, түтінсорғыштар, сорғылар және басқа да энергия тиімді элементтер ауыстырылды. Нәтижесінде 13,6 км тозған жылу желісі толық жаңғыртылды, – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, Аягөз қаласында қуаттылығы жоғары үш жаңа қазандық орнатылып, жылу энергиясының профициті 17,7 Гкал/сағ деңгейіне жетті. Сондай-ақ 2,2 км жаңа жылу желісі тартылып, 3,9 км ескі желі ауыстырылды. Жоба 2026 жылға қарай 1000-нан астам тұрғынды орталық жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

Курчатов қаласы мен бірнеше ауданда 9 жылу көзі мен 4 км желіге жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде облыста жылу желілерінің тозу деңгейі 59,3%-дан 55,6%-ға, Семей қаласында 61,5%-дан 58,2%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, Семейде ұзындығы 23,8 км жылу желісін қайта жаңғыртуға арналған 14 жоба әзірленді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Серік Төлепбергеновтың айтуынша, экологиялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Теплокоммунэнерго» МКК қазандықтардың күл шығару жүйелеріне автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жобасын әзірледі. Ол ЖЭО-1, РК-1, Ғаббасов және Орталық қазандықтарында орнатылады.