Абай облысында колледж студенттері арасында «Заң мен тәртіп» атты жас ораторлар байқауы ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен құқықтық сананы қалыптастыру, шешендік өнер арқылы қоғам назарын осы мәселеге аудару болды.

Байқау Абай облысының ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде «Тәуелсіз зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ облыстық білім басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің қолдауымен өтті.

«Тәуелсіз зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанар Қабидоллақызы жастардың белсенділігіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары болып, өз ойларын еркін жеткізе білді.

Біздің басты мақсатымыз – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениетті қалыптастыру. Бұл бағыттағы негізгі ұстанымымыз – «Адал азамат». Жастар осы ұстаным арқылы «Болашақта мен қандай азамат боламын?» деген маңызды сұраққа жауап іздеп, өз өмірлік құндылықтары мен бағытын айқындап жатыр, – деді ол.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің студенті Назерке Кадекова ие болды. Екінші орын Д. Қалматаев атындағы мемлекеттік жоғары медицина колледжінің студенті Сәрсен Жанеркеге, ал үшінші орын Көлік колледжінің студенті Дүйсенғазы Ұланға табысталды.

Жеңімпаз атанған Назерке Кадекова байқаудан алған әсерімен бөлісіп, қоғамда «Заң мен тәртіптің» маңыздылығын атап өтті.

«Заң мен тәртіп» сайысы жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың барлығы жақсы дайындықпен келіп, ораторлық қабілеттерін көрсете алды. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Менің тақырыбым – мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық мәселесі. Бұл – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе мемлекеттік сатып алу еліміздің қаржысына тікелей байланысты болғандықтан, ашықтық пен адалдықтың маңызы зор, – деді ол.

Сонымен қатар жеті студент «Классикалық риторика» номинациясымен марапатталды. Барлық жеңімпаздар мен финалистерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.