Өңірде туризм саласын дамыту, инфрақұрылым сапасын арттыру және туристерге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Абай облысы туризм басқармасының басшысы Қуаныш Әбілдаев мәлімдеді.

Бүгінгі таңда облыста 327 орналастыру нысаны (7 206 нөмір, 18,5 мыңнан астам төсек-орын) жұмыс істейді, оларда жыл басынан бері 83,7 мыңнан астам келушіге қызмет көрсетілді. Саланы әрі қарай ілгерілету мақсатында 2026–2029 жылдар аралығында 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында Алакөлдегі емдеу-сауықтыру кешені, Жидебайдағы этнокешен мен Визит-орталық, Қарауылдағы қонақ үй және Семейдегі сауда-мәдени кешені бар.

Біздің негізгі міндетіміз – Абай облысын туристер үшін қауіпсіз, жайлы әрі тартымды өңірге айналдыру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және өңірдің табиғи, тарихи-мәдени әлеуетін тиімді пайдалану, – деді Қуаныш Әбілдаев.

Алакөл курорттық аймағында қауіпсіздік пен инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінуде. Жағалауда тәулік бойы полиция, медицина және құтқару қызметтерінің кезекшілігі ұйымдастырылып, жасанды интеллект жүйесі бар 115 бейнекамера орнатылды (жалпы саны 224-ке жетті). Сонымен бірге, өңірді электрмен қамту үшін арнайы электр желілері тартылып, тазалау құрылыстары мен жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, өңірді ілгерілету мақсатында «Visit Abai» ақпараттық орталығы құрылып, «Алакөл алаулары – 2026» фестивалі өтті. Ал Курчатов қаласында бұрынғы сынақ алаңы мен Ұлттық ядролық орталық музейіне бағытталған ғылыми-танымдық туристік маршруттар іске қосылды.