Абай облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау бойынша кездесу өтті. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты.
Жиынды ашқан аймақ басшысы Жолдауды іске асыру бойынша Абай облысында жүйелі жұмыстардың қолға алынып жатқанын атап өтті.
Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – цифрландыру саясаты аясында Абай облысының 2026-2030 жылдарға арналған цифрлық трансформация стратегиясы жасақталуда. Стратегияны әзірлеудегі негізгі мақсат – облысты инновациялық және технологиялық тұрғыдан дамыған аймаққа айналдыру. Жасанды интеллекті өңірдің барлық салаларына енгізу, интернет инфрақұрылымын кеңейту, Smart City жобаларын енгізу, мемлекеттік қызметтерді толық онлайн форматқа көшіру және цифрлық білім мен IT-экожүйені дамытуды көздеп отырмыз. Біздің мақсат – ел Президентінің тапсырмаларын тиімді орындап, халықпен кері байланысты күшейту, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, - деді облыс әкімі.
Абай облысында туризмді дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы жобасы әзірленді. Биыл Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шаралар облысқа мыңдаған турист тартуға мүмкіндік берді. Ал Алакөлде Арбат алаңын жөндеу, жаңа қоғамдық кеңістік салу және жағалауды абаттандыру үшін 658 млн теңге бөлінді. 2026 жылы көл аумағындағы жұмыстар толық аяқталып, өзге туристік бағыттарды жүйелі дамыту жалғасады.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіріп, елдің цифрлық трансформациясын жүзеге асырудағы жаңа тәсілдер мен басымдықтарға назар аударды.
Жолдау – мемлекеттік маңызы бар құжат. Саяси мәні де, идеологиялық маңызы да зор. Президентіміз Жолдауда экономикамызға, саясатымызға, тұтас мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты саяси реформа ретіндегі құжатты халыққа ұсынды. Әсіресе әлем қауымдастығының назары ауып отырған жасанды интеллектіні әр салаға енгізу нақты міндеттер жүктеді, - деді ол.
Кездесуде Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев пен Жаңасемей ауданы Көкентау ауылдық округінің әкімі Әділет Жұмағали сөз сөйлеп, өз өңірлерінде Жолдауда жүктелген міндеттерді іске асыру бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.



























