Абай облысында заң аясындағы шаралар кешенді түрде іске асырылуда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова баяндады.
Бүгін өңірде 12 177 педагог қызмет атқарып келеді. Жалпы облыс ұстаздарының 95%-ы жаңартылған біліктілік санаттарына ие, бұл педагогтердің кәсіби дамуға деген жоғары ынтасын айғақтайды. Материалдық және әлеуметтік қолдау шаралары толық жүзеге асырылуда. 2020 жылдан бері мұғалімдердің айлық жалақысы кезең-кезеңімен өсіп, қазіргі таңда 75% артты. Сынып жетекшілігі, дәптер тексеру және тәлімгерлік үшін қосымша үстемақы төленеді. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге 25% үстемақы, тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық шығындарды өтеу бойынша жергілікті бюджет есебінен көмек көрсетілуде, - деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар педагог беделін көтеру бағытында да бірқатар нәтиже бар. 2022 жылдан бері Абай облысының 8 мұғалімі республикалық деңгейде «Үздік педагог» атағына ие болды. «Жас педагог» бағдарламасы аясында 780-нен астам жас ұстаз жұмыспен қамтылып, тәлімгерлік қолдау көрсетілуде. 2025 жылдың соңына дейін тағы 4 981 педагог курстан өтеді деп жоспарланған.
Сондай-ақ Абай облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бақытгүл Мәсәлімованың айтуынша, мұғалімдердің кәсіби құқықтарын қорғау шаралары да заң шеңберінде қамтамасыз етілген.
Жалпы алғанда, «Педагог мәртебесі туралы» Заң ұстаздардың кәсіби беделін арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және білім беру сапасын жетілдіруге мүмкіндік берген маңызды құжат болып отыр. Заң аясында мұғалімдер артық есеп-қисап пен заңсыз қоғамдық жұмыстардан босатылып, 56 күндік демалыс, қосымша үстемақылар және әлеуметтік жеңілдіктерге ие болды. Педагог құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл заң – нормативтік акт қана емес, ұлт болашағына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі, - деді департамент басшысы.
Абай облысында бұл заң талаптары толық көлемде жүзеге асырылып, өңірдегі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға елеулі үлес қосуда.