Абай облысында жазғы демалыс маусымы кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Раушан Фатхуллина, коммуналдық объектілерді бақылау бөлімінің басшысы Ардақ Барлықанова және тамақтану объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Айгерім Мұсатаева мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, облыс бойынша санитариялық қызметтің бақылауында 15 шомылу орны мен 247 демалыс нысаны бар. Шомылу маусымы алдында және жаз бойы ашық су айдындарынан тұрақты түрде сынамалар алынып, зертханалық тексерулер жүргізіледі.

Биыл микробиологиялық, паразитологиялық, вирусологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 170 су сынамасы зерттелді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, талапқа сай келмейтін жағдайлар тіркелмеген.

Спикерлердің айтуынша, жағажайлар мен шомылуға арналған орындар ластану көздерінен және ағынды су ағызылатын аумақтардан алыс орналасуы қажет. Тек ресми түрде белгіленген демалыс орындарында санитариялық талаптардың сақталуы толық қадағаланады.

– Санитариялық қағидаларға сәйкес балалардың жазғы демалыс орындары маусым басталғанға дейін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға тиіс. Қазіргі уақытта 10 лагерьдің 6-сы тиісті қорытынды алды. Қалған 4 лагерь бойынша құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар балалардың тұру, тамақтану және демалу жағдайы тұрақты тексеріліп отырады, – деді Раушан Фатхуллина.

Демалыс орындарының тазалығына да ерекше мән беріледі. Санитариялық талаптарға сәйкес әр 40 метр қоқыс жәшігі қойылып, қалдықтар күн сайын шығарылуы керек. Сондай-ақ әр 75 адамға бір дәретхана және әр 50 адамға бір шешінетін орын қарастырылуға тиіс. Мамандар тұрғындарды демалыс орындарында тазалық сақтауға, табиғатқа ұқыпты қарауға және қауіпсіздік ережелерін орындауға шақырды. Олардың айтуынша, қоғамдық орындардың таза әрі қауіпсіз болуы әр тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігіне де байланысты.