Абай облысында балалардың терезеден құлауының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде өкінішке орай, балалардың терезеден құлауының 13 жағдайы тіркелген. Соның салдарынан 12 бала жарақат алып, бір бала қаза болды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау майоры Мағжан Базарғалиев мәлімдеді.

Мағжан Базарғалиевтің айтуынша, облыс құрылғаннан бері көпқабатты тұрғын үйлерден балалардың құлауының 46 жағдайы тіркелген. Соның салдарынан өкінішке қарай, 5 бала қаза тауып, қалғандары түрлі дәрежедегі жарақат алған.

— Балалардың жарақат алуының алдын алу мақсатында өңірде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 82 алдын алу материалы жарияланып, тұрғындармен 115 кездесу өткізілді. Нәтижесінде 3671 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 4400 ақпараттық жадынама таратылды. Сонымен қатар, 90 терезеге қауіпсіздік құлыптары орнатылды, — деді аға инженер.

Спикер «Қауіпсіз терезе» профилактикалық акциясы облыс бойынша жалғасып жатқанын атап өтті. Акцияға еріктілер, жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Сондай-ақ алдын алу жұмыстары барысында заманауи тәсілдер де қолданылуда. Дыбыс зорайтқыштармен жабдықталған пилотсыз ұшу аппараттары тұрғын үйлер тығыз орналасқан аудандарда және жас отбасыларға қауіпсіздік жөніндегі аудиохабарламалар таратуда.

Бұдан бөлек, Halva және Global Coffee кофеханаларымен бірлесіп, бір рет қолданылатын стақандарға QR-кодтар орналастырылған. Олар арқылы тұрғындар балалардың терезеден құлауының алдын алу, судағы қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі бойынша ақпараттық материалдармен таныса алады.

— Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап Семей қаласында Metakom LLC домофон жүйелері арқылы балалар қауіпсіздігіне қатысты алдын алу аудиохабарламалары таратылып келеді. Ай сайын бұл хабарламалар шамамен 3000 тұрғынды қамтиды. Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, облыс аумағындағы LED экрандарда да қауіпсіздікке қатысты ақпараттық материалдар көрсетілуде, — деп қорытындылады Мағжан Базарғалиев.