Абай облысында ауыл шаруашылығы саласын жүйелі дамыту мақсатында 2031 жылға дейін арналған өңірлік инвестициялық жобалар картасы әзірленді. Аталған құжат өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты даму моделін айқындайды.

Жоспарға сәйкес, өңірде ет кластерін қалыптастыру, заманауи сүт-тауарлы фермалар салу, етті құс шаруашылығын дамыту және суармалы егіншіліктің әлеуетін толық пайдалану көзделген. Осы басым бағыттар аясында облыс көлемінде жалпы құны ауқымды 85 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Инвестициялық жобалардың бір бөлігі Семей қаласында жүзеге асады. Атап айтқанда, қала аумағында жалпы сомасы 23,8 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өндіріс көлемінің артуына ықпал етеді.

Нақты жобаларға тоқталсақ, «Qazaq Astyq Group» ЖШС 2026 жылдың бірінші тоқсанында жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 2028 жылға дейін жылына 250 мың дана тері өңдеуге қауқарлы «Eastern Protein» ЖШС-нің өндірістік нысаны мен жылына 36 мың тонна сүтті қайта өңдейтін «Ертіс Өнімдері» ЖШС зауыты пайдалануға берілмек.

Бұдан бөлек, өңірде майлы дақылдарды қайта өңдеуге бағытталған тағы 3 агроөнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар аграрлық өнімдерді терең өңдеуді дамытуға, қосылған құны жоғары өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар Абай облысының ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртып, өңір экономикасының тұрақты дамуына және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.