Елімізде келесі жылдан бастап салық жүйесіне ауқымды өзгерістер енгізіледі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы  басшысының орынбасары  Ержан Қаңғалақов баяндады.

Жаңа Салық кодексі аясында салық есептілігін тапсыру көлемі 30 %- ға қысқарады. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі бұрынғыдай 20 % деңгейінде сақталады. Сонымен қатар жекелеген салалар үшін жаңа ставкалар белгіленді: банк секторы мен ойын бизнесі үшін – 25 %, қаржы лизингі үшін – 10%. Әлеуметтік салада, атап айтқанда, білім беру мен медицинада алдағы жылы 5 %, ал 2027 жылдан бастап 10 % мөлшерлеме қолданылады. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бұрынғыдай 3 % ставка сақталады, – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, келер жылдан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 % деңгейінде белгіленеді. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында есепке жатқызылатын қосылған құн салығының үлесі 70 % - дан  80 %- ға  дейін арттырылып, ал тіркеу шегі бұрынғы 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілді.

Келер жылдан бастап акциз мөлшерлемелері жыл сайын 10 %  өспек. Алғаш рет энергетикалық сусындарға да акциз енгізіліп отыр: оның көлемі литріне 100 теңге болып белгіленіп, бес жыл ішінде кезең-кезеңімен 240 теңгеге дейін жететін болады, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Фото: ИИ Recraft