Өңірде 2025–2026 жаңа оқу жылына дайындық кешенді түрде жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Илиясов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңір жаңа оқу жылын жаңартылған мектептер, жаңа кабинеттер, толық қауіпсіздік және жылытуға дайындықпен қарсы алады. Облыста үш ауысымды мектеп жоқ.
«Реновация» бағдарламасы аясында 2025–2027 жылдары 75 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Биылдың өзінде 8 мектеп толық жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына дейін дайын болады. Оның ішінде Семей қаласындағы №32 орта мектеп, Жаңасемей ауданындағы Түрксіб және Приречное мектептері, Аягөздегі №7 орта мектеп пен Қ.Қадыржанов атындағы мектеп, Бесқарағайдағы Глуховка мектебі, Үржар ауданындағы Б.Момышұлы мектебі бар. Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі 1 қыркүйекке дейін аяқталмақ, - деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі жаңа мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Семей қаласы Водный кентіндегі мектеп 1 қыркүйекте ашылады. Аягөз қаласындағы 600 орындық жаңа мектеп 2-тоқсанда пайдалануға берілмек. Бұған қоса, Семейдің Шығыс Оң кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда.
Жалпы облыстағы 8200 орын тапшылығының 31 пайызы осы жобамен салынып жатқан 5 мектеп есебінен шешілмек. Қалған тапшылықты жою үшін республикалық бюджет есебінен алдағы үш жылда 11 мектеп салу жоспарланған. Апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жарма ауданында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің жобалық құжаттамасы сараптамаға жіберілді. Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа мектеп салуға құжат әзірленіп жатыр, - деді Дәулет Илиясов.
Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында биыл 12 мектепке күрделі жөндеуге 2 млрд 900 млн теңге бөлінген, оның бесеуі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында. Бұдан бөлек, 174 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Оқу сапасын көтеру үшін 75 мектепке 130 жаңа оқу кабинеті сатып алынды (физика – 17, химия – 20, биология – 22, STEM – 20, робототехника – 10, басқа бағыттар – 41). Барлық мектеп 100 пайыз бейнебақылау камераларымен жабдықталып, жедел басқару орталықтарына қосылған.