Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев елімізде енгізілетін жаңа институт – Вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістер туралы айтып берді.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Президент көмекшісі жаңа Ата заңға мынадай негізгі қағидаларды енгізуді ұсынды:
– Вице-Президентті Құрылтайдың келісімімен (жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен) Президент тағайындайды. Бұл тәсіл ҚР Премьер-Министрін тағайындау рәсіміне сәйкес келеді.
– Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады.
Сонымен бірге, Конституцияда Вице-Президенттің өкілеттіктеріне қатысты мынадай негізгі қағидаларды көрсету ұсынылды:
Вице-Президент:
– Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;
– Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.
– Сонымен бірге, Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.
– Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс.
– Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді.
Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президент айқындайды және Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады.



























