Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында Үржар ауданында әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Ақылбек Башимбаев баяндады.
Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы жалпы құны 1 млрд теңгеден астам қаражатқа 2 мектеп – Абай атындағы орта мектеп пен Б.Момышұлы атындағы орта мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалды. Сонымен қатар, ауданда 60 балаға арналған жеке меншік балабақша ашылып, пайдалануға берілді.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылған.
Үржар ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Лайбұлақ, Қарабұйрат, Батпақты, Жоғарғы Егінсу, Ер Қабанбай, Благодатное және Некрасовка елді мекендерінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары – ФАП, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер салынып, қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта Үржар ауылындағы орталық аудандық аурухана жанынан «Тері асты тамырларының коронарографиясы (Инсульт орталығы)» орталығының құрылысы жүргізілуде, – деп атап өтті Ақылбек Башимбаев.
Мәдениет және спорт саласында да жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Бүгінде ауданда 2 мәдениет үйі, 9 ауылдық клуб, 5 кітапхана, тарихи-өлкетану мұражайы және 3 спорт модулі халыққа қызмет көрсету үстінде. Жоғарғы Егінсу ауылында 100 орындық клубтың құрылысы жүргізілсе, Жанай ауылында инвестордың демеушілігімен жеке спорт кешені салынды, – деп қорытындылады аудан әкімі.


























